Алла тағала мекен мен заманнан пәк
Атақты ғалым әл-Қоһир әл-Бағдади былай дейді: «Алла аршыға тиіп тұр, дегенді айтқан Һишамия мен Каррамияға қарсы бағытты ұстанушы Ғұламалар Алла тағаланы ешбір мекен қамтымайтыны мен оның уақытқа тәуелді еместігіне бір ауыздан келіскен (ижма жасаған). Мүминдердің әміршісі Али (р.а.): «Шынында Алла тағала аршыны өз затының мекені ретінде емес, өзінің құдыретін көрсету үшін жаратты», деген. Ол тағы бір сөзінде: «Бір де бір мекен жоқ кезде Алла бар еді, Алла бұрын қандай сипатта болса, қазір де сондай», дейді». 1
Имам әл-Бұхари өзінің «әс-Сахих» деп аталатын сахих хадистер жинағында сахаба Әнас (р.а.) жеткізген хадисте Пайғамбарымыз Мұхаммет ﷺ мешіттің қыбласында (қабырғада) бір түкірікті көреді. Бұл жағдай оған ауыр тигені соншалық, (реніші) жүзінен көрінеді. Содан түрегеліп әлгі түкірікті қолымен сүртіп тастайды да былай дейді: «Араларыңдағы кез келген адам намазға тұрғанда Раббысына мінәжат етеді немесе расында оның Раббысы оны мен қыбла арасында болады. …».
Бұл хадисті тікелей түсіну Аллаға қыбла жақтан мекен беруге алып барады, Алла сақтасын. Әрі Алла барлық жерде немесе аршының үстінде деу де дұрыс емес. Себебі, бұл сөздер Аллаға мекен беру болып табылады. Олай болса, бұл хадисті әһлу сунна ғұламалары қалай түсінген екен?
Ибн Хажар әл-Асқалани аталмыш хадистегі «расында оның Раббысы оны мен қыбла арасында болады» деген сөзді былай тарқатады: «Әл-Хаттаби былай деді: «Бұл хадистің мағынасы: намазға тұрған кісі қыблаға жүз бұру арқылы ниетін Аллаға бағыттайды. Осылай түсінгенде хадистегі сөздің мағынасы былай болмақ: «Оның ниеті оның өзі мен қыбласының арасында болады». Мұнымен қатар, хадисте анықтауыш сөз (мудоф) келтірілмеген, деген де пікір бар. Яғни, (намазхан мен қыбланың арасында) Алланың ұлылығы немесе Алланың сауабы болады. Ибн Абдилбар: «Бұл сөз қыбланың дәрежесінің жоғары екенін білдіру үшін айтылған. Мұғтазила ағымы осы хадисті Алланың барлық жерде екенін дәлелдеу үшін айғақ ретінде келтірген. Ал бұл анық білімсіздік. Себебі, бұл хадисте (жалғасында) «аяғының астына түкіреді» делінген (Егер Алла барлық жерде болса, онда намаз оқушының аяғының астында да бар деген мағына шығады. — автор). Бұл сөз олардың негіздемелерін жояды. Сондай-ақ, бұл хадисте Алла өз затымен (болмысымен) аршының үстінде, дегендерге қарсы жауап бар». 2
1 әл-Бағдади, Әл-Қоһир ибн Тоһир ибн Мухаммад, «әл-Фарқ бәйнәл-фирақ», 333-бет, әл-Мәдәни баспасы, Каир.
2 әл-Асқалани, Ахмад ибн Али ибн Хажар, «Фатхул-Бари», І том, 605-606 бб. Даруд-Дайян лит-турас баспасы, Каир, 1986 жыл.
Толық нұсқасын оқыңыздар
http://hanafi.kz/?p=355